Ауданға қарасты Ұзынағаш ауылында жиһаз өндірісі қарқынды дамып отыр. Үй және кеңсе жиһаздарын шығаратын кәсіпкерлердің бірі – жеке кәсіпкер Ерен Сұраған. Ол кәсібін шағын шеберханадан бастап, биыл заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа өндірістік цехты іске қосты.
Жаңа цехта ағашты кесу, жапсырма жасау және ою салу жұмыстары толықтай автоматтандырылған құрылғылар арқылы атқарылады. Бұл өндіріс үдерісін жеделдетіп қана қоймай, өнім сапасын айтарлықтай арттырған.
«Биыл толық жабдықталған ірі станоктар сатып алдық. Құны 22 миллион теңге болатын, компьютермен басқарылатын, қауіпсіз әрі автоматтандырылған жабдықтар орнатылды. Қазір барлық өндірістік процесс жеңілдеді. Алдағы уақытта жұмсақ жиһаз шығару үшін тағы он шақты түрлі станок алуды жоспарлап отырмыз», – дейді жеке кәсіпкер Ерен Сұраған.
Автоматтандырылған өндіріс жиһаз бөлшектерін дайындаудың дәлдігін арттырған. Бұрын қолмен атқарылған күрделі жұмыстар бүгінде арнайы кесу аппараттарының көмегімен орындалады. Нәтижесінде өнімді дайындау уақыты қысқарып, өлшемдік қателіктер азайған.
Қазіргі таңда цехта жылына мыңнан астам үй және кеңсе жиһазы құрастырылады. Дайын өнімнің басым бөлігі Атырау, Ақтау және Орал қалаларына жөнелтіледі. Жаңа технологиялардың енгізілуі өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, қызметкерлердің еңбек жағдайын да едәуір жеңілдеткен.
«Автоматтандырылған станоктардың басты артықшылығы – уақыт үнемделеді және өлшемде қателік болмайды. Бұрын бір тақтайды жеке кесетін болсақ, қазір 4–5 қабаттап бірден кесуге мүмкіндік бар. Жұмыс жылдам әрі тиімді», – дейді жиһаз жасаушы Кеңесхан Будапешт.
Сонымен қатар Жамбыл ауданында кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы ауданда 96 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Ал кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 32 азаматқа жалпы сомасы 50 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік грант берілген.






