Жиында «АМАNАТ» партиясы төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасына сәйкес сайлауалды уәделерді сапалы және уақытылы орындау үшін Алматы облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасы (іс-шаралар мен көрсеткіштер тізбесі) тармақтарын облыстық мәслихаттағы фракция мүшелеріне бекіту мәселесі қаралды.
Отырыс «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаевтың жетекшілігімен өтті.
Алматы облысында сайлауалды бағдарламаны іске асыру үшін Жол картасында облысты дамытудың 4 басым бағыты бойынша 23 көрсеткіш, 83 іс-шара айқындалды. Жол картаға енген іс-шаралар сайлау қарсаңында жергілікті халықтан жиналған ұсыныстар мен өтініштерден құралған.
Жол картасының басым бағыттарының бірі – бизнес және ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдау арқылы халықтың табысын арттыру. Осы бағыт шеңберінде ауылдарда 15 мың адам жұмыспен қамтылмақ. 142 инвестициялық жобаны іске асыру, 260 мың гектардан астам пайдаланылмайтын жерлерді қайтару, 70-тен астам жаңа туризм объектілерін салу, 63 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
«Сайлауалды бағдарламамыздың жүзеге асырылуы осы жол картасымен тығыз, толық байланысты. Сондықтан халықтың аманаты, сайлау кезіндегі әр ауыл, қала, елді-мекен тұрғындарынан түскен аманаттардың көпшілігі осы сайлауалды бағдарламаға енген болса, ары қарай оны нақты жүзеге асыру барысы біздің назарымызда болмақ», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасы Қуат Байғоджаев.
Сайлауалды уәделерді орындау нәтижесінде инженерлік-коммуникациялық, тұрғын үй және жол инфрақұрылымдарының өзекті мәселелері шешіледі, медициналық қызмет көрсету, білім беру және басқа да салалардың сапасы жақсарады.
Осы орайда Жол картаның әрбір тармақтары облыстық мәслихаттағы фракция мүшелеріне бекітілді.
Яғни әрбір депутатқа өз саласы бойынша атқаратын жұмыстар тапсырылып, облыстық басқармалармен бірге жұмыс істеу жүктелді. Мұның бәрі отандастарымыздың тұрмысын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр.
«Жол картаның басты мақсаты – сайлауалды бағдарламаның орындалуына қатаң партиялық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету. Сондықтан барлығымыз атсалысып, талмай еңбектенуіміз қажет», – деп отырысты қорытындылады партия филиалының төрағасы.