«Наурыз мерекесін биыл Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы үш бағытта атап өтпек. Бұл үшін «NAURYZ: Береке. Бірлік. Келісім» атты кешенді іс-шаралар жоспары даярланды», — деді Жандар Асан.
Іс-шаралар негізгі үш бағыттан тұрады:
Бірінші, қоғамдық-бұқаралық сипатта;
Екінші, ақпараттық-насихаттық бағытта;
Үшінші, рухани-танымдық бағытта.
«Онкүндік аясында 45 түрлі бағыттағы іс-шара жүзеге асырылмақ. Ең бастысы – өңірдің әлеуетін бір мақсатқа шоғырландыруға мүмкіндік беретін ірі жалпыұлттық іс-шараларға басымдық берілді. Мәселен, «NAURYZ: жаңару мен жаңғыру» тазалық және «NAURYZ: саялы өлке» ағаш отырғызу акциялары – қоршаған ортаны қорғауға, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Шара аясында облыста 10 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр», — деді маман.
Бұдан бөлек:
- «NAURYZ: ұлағат» — ұлттық салт-дәстүр рәсімдерін жаңғыртуға бағытталған іс-шараларды ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі іске асырмақ;
- «NAURYZ: аламан» атты қазақ тілін меңгерген этнос жастары арасындағы интеллектуалдық сайыс өтеді;
- «NAURYZ: бабадан мирас» — шеберлік сыныптары сериясында тамырын тереңнен алатын осынау өнердің ерекшеліктері туралы кәсіби зергерлер өз кеңестерімен бөліспек;
- «NAURYZ: ізгілік көмек» қайырымдылық акциясы болса, әлеуметтік осал топтан шыққан отбасыларға көмектесуге арналады;
- «NAURYZ: кәде» — жас ұрпаққа ұлттық нақыштағы сыйлықтар беру іс-шарасы өтеді;
- «NAURYZ: тағылым» атты аға буын өкілдерімен кездесулер сериясы ұйымдастырылады.
«Мерекелік онкүндік 22 наурызда «NAURYZ: береке, бірлік, келісім» жалпыхалықтық этно-мәдени іс-шарасымен өз мәресіне жетеді», — деді Жандар Асан.