Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, ерекше назар ауылішілік жолдарға аударылған. Бұл бағыттағы жұмыстар 142 елді мекенде жүргізілуде, олардың жалпы ұзындығы – 684,2 шақырым. Жыл басынан бері 72 шақырым жол жөндеуден өтті, қалған учаскелер әртүрлі кезеңде іске асырылып жатыр.
Алматы облысының автожолдарының жалпы ұзындығы 5 714 шақырымды құрайды. Оның 1 808 шақырымы республикалық, 3 906 шақырымы жергілікті маңызға ие. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 94 пайызға жеткен.
«Біз жол-құрылыс маусымының соңғы кезеңіне шықтық. Көптеген учаскелерде жұмыстар қарқынды аяқталуда, бір бөлігі пайдалануға берілді. Біздің басты мақсатымыз – тек асфальт төсеу емес, ауылдар, аудандар мен қалалар арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ету», – деді Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов.
Оның айтуынша, магистральдық трассалардан бөлек, кіреберіс және ауылішілік жолдардың сапасына да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей ықпал етеді.
Жол-көлік желісін дамыту өңірдегі логистиканы жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ экономикалық белсенділік пен ішкі туризмнің дамуына жол ашады.






