Салтанатты рәсімге әскери бөлімнің ардагерлері, Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина, алматылық жедел құраманың басшылығы, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қатысты.
Рәсім барысында 5571 әскери бөлімінің командирі, полковник Мақсат Баймағұлов жас сарбаздарды маңызды тарихи сәтпен құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
«Бүгін әскери бөлім үшін ерекше әрі маңызды күн. Жас сарбаздардың әскери ант қабылдауы біз үшін мәртебелі сәттердің бірі. Бұл күн өмірлеріңізде мәңгі есте қалады деп сенемін. Бүгіннен бастап сіздер Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан қатарында ресми түрде қызмет атқарасыздар. Ел тыныштығын сенімді қорғап, әскери борыштарыңызды адал орындаңыздар. Ұлттық ұланның бай әскери дәстүрін абыроймен жалғастыру сіздердің басты міндеттеріңіз», — деді бригада командирі.






