Бұл жұмыстарға 86 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, нәтижесінде 34 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына қосылады.
Бұл мәселелер Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында өткен кеңесте жан-жақты талқыланды.
Өңірде биыл 436 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себіледі. Оның жартысынан астамын суармалы жерлерге орналастыру жоспарланып отыр. Алайда су жеткізу мәселесі күрделі күйінде қалып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, суару желілерінің әбден тозуы салдарынан су қоймаларынан шыққан судың шамамен 50 пайызы егіс алқаптарына жетпей, жерге сіңіп кетеді.
Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісовтің айтуынша, өңірде 2030 жылға дейін 180 мың гектар жерге су үнемдеу жүйелерін енгізу жоспарланған.
2026 жылы бұл көрсеткішті 90 мың гектарға жеткізу міндеті қойылып отыр.
Мәселен, Шеңгелді алабында 16 мың гектар суармалы жер болса, оның тек жартысы ғана игеріліп келеді. Себебі кеңестік кезеңде салынған сорғы станцияларының 80-90 пайызы тозығы жеткен.
2023 жылдан бастап өңірде суару инфрақұрылымын жаңарту жобасы қолға алынғанымен, қаржы тапшылығына байланысты жұмыстардың тек 13 пайызы ғана орындалған.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы жаңғырту жұмыстары негізінен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Райымбек аудандарында жүргізілетінін айтты.
«Жоба толық жүзеге асса, 34 мың гектардай суармалы жер айналымға қосылады. Бұл су көздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», – деді ол.
Кеңесте ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы да қаралды. Бағдарлама аясында облысқа 2023 жылдан бері 13,3 млрд теңге бөлінген. Биыл тағы 10,8 млрд теңге қарастырылған.
Сапар барысында вице-премьер Қарасай ауданындағы жаңа индустриялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Мұнда жақын уақытта жүк көтергіштігі 200 тоннаға дейінгі ауыр тіркемелер құрастыру жоспарланып отыр.





