Бүгінде Алматы облысында 500 мыңнан аса адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Олардың қатарын көбейтіп, жергілікті халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында бірқатар шара қолға алынған. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының сөзінше, биылдың өзінде 20 нысанның құрылысы жүріп жатыр. 2023 жылдың соңына дейін ауылды аймақтарда 6 ғимаратты қолданысқа беру жоспарланып отыр. Оның 2-уі денешынықтыру-сауықтыру кешені, 4-уі спорт кешені.
Сонымен қатар Нұрбақыт Теңізбаев Еңбекшіқазақ ауданы Қарасай ауылында Махмет атты күрд азаматы 1 нысан салып, қолданысқа бергенін айтты.
«Қазір әр ауылдық округте жалпы саны 300-ге жуық спорт әдіскері жұмыс істеп жатыр. Бұлардың барлығы аудан, ауылдарда спорттық үйірмелерді тегін өткізіп, көптеген спорттық шаралар ұйымдастырады», — деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңір спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 500-ге жуық медаль иемденіп үлгерген. Оның 150-ге жуығы алтын.