Алматы облысы «Сапалы білім» номинациясында World Innovation Award 2024 сыйлығын жеңіп алып, халықаралық мамандарды мойындатты, деп хабарлайды alataunews.kz.
Әлемнің 128 елінен, соның ішінде Калькутта (Үндістан) мен Гуанчжоудағы (Қытай) беделді білім беру орталықтарынан қатысушылар бақ сынаған байқаудағы жеңіс өңірдің білім беруді дамытудың инновациялық жолын таңдағанының тиімді екенін айқын дәлелдейді.
Жетістік сыры неде?
Бүгінгі таңда Алматы облысы 1,5 миллион тұрғынның, оның ішінде 366 мың оқушының заманауи әрі қолжетімді білім беру ортасын құруға бағытталған кешенді стратегияны жүзеге асырып келеді.
Жетістіктің негізгі факторлары:
Мектептердің кең ауқымды құрылысы: Соңғы жылдары өңірде 19 жаңа мектеп салынып, 18 мыңнан астам оқушы орны құрылды. Жеке инвестицияларды белсенді тарту нәтижесінде қосымша 5 заманауи мектеп бой көтеріп, үш ауысымды мектептер саны 52-ден 39-ға дейін қысқарды.
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту: Он екі дарынды оқушы Қытай университеттерінде білім алуға грант алды, ал тағы төрт бала Қытай тарапынан шақыртумен халықаралық лагерьге қатысты. Сингапурлық CPG International Pte Ltd компаниясымен және «Синергия» мемлекеттік мекемесімен Қонаев қаласында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын құру туралы маңызды меморандумға қол қойылды.
Дарынды балаларды жан-жақты қолдау:
“50 табысты мектеп» жобасы дарынды балаларға өз әлеуетін ашуға кең мүмкіндіктер береді. Мұның айқын дәлелі – оқушылардың олимпиадалардағы жоғары жетістіктері.
Сапалы білімге инвестиция: Өңірде білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. «50 табысты мектеп» жобасы аясында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» және «Қазақстан халқына» қорларымен бірлесіп, 50 мектептің үш мыңнан астам мұғалімі мен 42 мыңнан астам оқушысы арнайы дайындықтан өтті. Қорлардың қолдауымен физика, химия және биология бойынша 150 оқу кабинеті жабдықталды.
2023 жылы өңірдегі 207 мектеп 236 заманауи оқу кабинетін ашты. 2024 жылы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 590 млн теңге бөлінді. Тағы бір маңызды жоба – «Ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту», ол жоба «Қазақстан халқына» қоры қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. 2023-2024 жылдары 6 ауыл мектебі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Нәтижелер өз-өзін ақтап отыр:
Білім деңгейінің өсуі: 2023-2024 оқу жылында мектептердің заманауи жабдықталуы 70%-дан 75,5%-ға дейін, ал оқушылардың білім сапасы 64,5%-дан 66,1%-ға дейін өсті.
Олимпиадалардағы жетістіктер: Интеллектуалдық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлер саны артып келеді. 2021-2022 оқу жылында республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері 45 оқушы болса, 2022-2023 оқу жылында – 104, ал 2023-2024 жылында – 145 оқушы болды.
Халықаралық деңгейдегі жетістіктер: 2023-2024 оқу жылында 14 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда медальдарға ие болды: 2 алтын, 4 күміс және 8 қола.
Республикалық деңгейдегі көшбасшылық: Алматы облысының 131 оқушысы республикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанды, ал 2804 оқушы облыстық олимпиадалардың жеңімпазы болды.
Командалық есепте жоғары нәтижелер: Республикалық олимпиадада ауыл мектептерінің оқушылары арасында Алматы облысының командасы жаратылыстану-математика бағыты бойынша 2-орын, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 3-орын алды.
Айта кетейік, білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Алматы облысы өскелең ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға баса назар аударып, өңірдің одан әрі гүлденуіне берік негіз қалайды.
2022 жылы Алматы облысының әкімдігі мен SDU университеті арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында оқушылар мен жастар арасында кәсіби бағдар беру жұмыстары, мұғалімдер дайындау, ғылыми қызметкерлерді қазылар алқасына тарту және олимпиадалық резерв үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізу жұмыстары жүргізілуде.