Шинибаев Жақабай Жұмағұлұлы мен Тұрғамбаева Айтансық Рыстайқызы бүгінде 2 ұлын ұяға, 3 қызын қияға қондырған. Балаларынан 14 немере, 21 шөбере сүйіп отыр.
Осы әулеттің отағасы Жақабай ата теміржол саласында қызмет етсе, ал жұбайы 36 жыл ұстаз болған. Айтансық апа «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен марапатталып, зейнетке шыққан.
«Шаңырақ күнін тойлату дәстүрге айналса керек. Қоғамның іргесін қалаушы әр отбасы тату, қыздары қылықты, ұлдары мінезді, намысшыл болса, ел еңсесінің тік болғаны. Барша қазақстандықтарға бақыт тілейміз. Жас отбасылардың ажырасуы азайып, әр шаңырақ биік болсын! Кез келген жанұя үшін әр күн мереке болуы керек. Біздің отандасқанымызға 60 жыл болды. Қызығы мен шыжығын қатар көріп жатырмыз. Осы күнімізге шүкір, тәубе дейміз», — деді ата мен апа пікір білдіріп.
Бұдан кейін Арна ауылдық клубының директоры Анаргүл Серікқызы отау құрғандарына 40-50 жыл болған 4 отбасын мерекемен құттықтап шықты. Аталар ақ батасын беріп, әжелер алғысын жаудырды.