Биыл 4 сәуірден бастап Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланған. Жем өзенінің арнасынан тасуына байланысты көптеген тұрғын үй мен ғимаратты су басқан. Қазіргі таңда ауданда су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Ауданда 2491 тұрғын үй мен нысан әлі су астында. Бүгінде осы нысандарда су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тасқынына қарсы 2961 адам, 110 техника, 4 жүзу құралы, 124 әртүрлі су сору құралы жұмылдырылған», — деді Айсұлу Келдіғалиева ОКҚ-да өткен брифингте.
Сондай-ақ су тасқыны басталғалы бері Жылыой ауданында 36 738 адам, оның ішінде 8 392 бала эвакуацияланған. 13 мыңнан аса бас мал қауіпсіз жерге айдалған.
Ресми өкілдің айтуынша, 251 мыңға жуық атыраулық көмек сұраған.
«Жалпы Төтенше жағдай департаментінде жедел желі жұмыс істеп тұр. Бүгінде оған қоңырау шалған тұрғындардың саны 251 мыңға адамға жуықтады. Оның ішінде ақпарат алу үшін және үреймен хабарласқан тұрғындар бар. Оларға ТЖД Апаттық медицина орталығының психологтары шұғыл психологиялық көмек көрсетуде», — деді ол.