Инженерлік желіні орнату үшін мердігер 22 шақырым жерді қазып тастаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, аяқсыз қалған құрылыс салдарынан құбырлар жиі жарылады.
Ал 10 жылдан бері құбыр орната алмай жүрген мердігер бюджеттен ақша қайта бөлінген кезде құрылыс заттарының қымбаттап кеткенін, оған дейін тек кәріз тазарту құрылғысын орнатып үлгергенін айтады. Ал қалған жұмыс қаражаттың қайта есептелуін күтумен тоқтап қалған сыңайлы.
«Кәріз тазарту құрылғысы 1 миллиард 17 миллион теңге тұрады. Егер бұл ақшаны алдыңғы жылдары берген болса, оны бірден қояр едім. Бес жыл бойы бөліп-бөліп орнаттым. Жұмыстың біраз бөлігіне қаражатты қалтамыздан шығардық. Кез келген жоба 3 жылға есептелуі тиіс. Одан кейін бағасы, жұмысы өзгереді, сараптаманы күтеміз», – деді мердігер компанияның өкілі Артығали Миразов.
Жоба 2014 жылы басталып, оған 1 млрд 403 млн теңге бөлінген. Ал одан кейінгі 3 жылда қаржыландыру тоқтап қалған. 2018 жылы бюджет қайта қарастырылып, тиісті шаруа қолға алынған. Ал 2019 жылы мердігер бекітілген қаражаттың жеткіліксіз екенін айтып, әкімдікке жұмыстың тоқтатылуы жөнінде хаттама жіберген.
Айта кетейік, инженерлік желілерді жүргізіп, жұмысты аяқтау үшін бюджеттен қосымша қаржыландыру қажет. Жабдықтардың қымбаттауын есептегенде, оның құны шамамен 588 млн 850 мың теңге болады.