«Қазіргі таңда Алматы облысында 290 мешіт бар, діни ахуал тұрақты, барлық қызметкерлермен профилактикалық әңгіме жүргізілді». Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова хабарлады.
Әйел адамды мешіттен қуған ер адамның есімі — Есей Герұлы. Ол имам емес, мешіттің тазалығына жауапты қарапайым қызметкер. Оның айтуынша, оқиға бір күн бұрын болған. Жұмысшылар үнемі әжетханаға кіріп шығуды сұрайды екен. Алайда, олар дәретхана ішінде тазалық сақтамайтын көрінеді. Сол себепті қызметкер олардың мешіт әжетханасына кіруіне қарсы болған.
«Барлығынан кешірім сұраймын. Мен имам емеспін, қарапайым адаммын, тек тазалыққа жауаптымын. Кеше олар әжетхананы былғаған соң ескерту жасадым. Исламда бәрі таза болуы керек. Мен бұл үшін ешқандай жалақы алмаймын. Тағы да қайталап айтамын, мен имам емеспін, тіпті ұстаз да емеспін. Мен мұнда жұмыс істемеймін. Мынау намазхана, біреулер келіп мына жердің мүлкін бүлдіреді, қоқыс тастайды, заттарды сындырады. Мұндай жағдайлар кейде болып тұрады. Сол үшін айқайладым, сол үшін кешірім сұраймын. Енді қайталанбайды», — деді ер адам.
Сондай-ақ ол ҚМДБ мен мүфтият өкілдерін айыптауға себепкер болғаны үшін кешірім сұрады.