Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар, Балқаш, Кеген, Ұйғыр аудандары және Қонаев қала маңы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жауапты мердігер ұйымдар анықталған. Қарасай және Райымбек аудандарында конкурс жарияланған. Жақын арада нәтижесі шығады.
«Қысқы кезеңге 109 арнайы техника, 7019 тонна көктайғаққа қарсы материал, 304 тонна жанар-жағармай әзірленген. Арнайы ережеге сәйкес, жолдар қыс мезгілінде қардан уақытылы тазаланады», — деп жазды басқарма.
Сондай-ақ басқарма облыстағы барлық жолдарда үзіліссіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп іс-шара жоспары әзірленгенін жазды.
«Қыс мезгілінде автомобиль жолдарын қардан тазарту жұмыстары басқарманың тұрақты бақылауында болады», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, өңірде облыстық маңызы бар жолдардың (3 370 км) жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 90 пайызды құрайды. Биыл 247,3 шақырым жолды жөндеуге 28,5 млрд теңге бөлінген.





