Себебі, жүгері дақылының құрамында 75%-ға дейін қант бар.
«Сондықтан, өнімді өндірістік мақсатта яғни, табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады», — деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаркент крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етіп келеді. Жылына 75 мың тонна жүгері шәрбатын дайындайды. Алдағы уақытта қуаттылығын екі есе ұлғайтқалы отыр. Өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы бағыттағы жоба-жоспарлармен танысты.
Мәселен, елімізде қант тұтыну көлемі 550 мың тонна болса, соның жартысы — өндірістік сұраныс. Бұл қажеттіліктің негізгі бөлігін Жаркент крахмал-сірне зауыты өтеуге қауқарлы. Ол үшін жаңа желі ашып, кәсіпорынды кеңейту көзделіп отыр.
Қазір зауыт жылына 120 мың тонна жүгеріні 97 пайызға дейін тереңдетіп өңдеп, 28 түрлі өнім шығарып жатыр. Кәсіпорынды кеңейту аясында 200 мың тоннаға дейін жүгері қабылдау жоспарда бар. Бұл ретте, облыс әкімі шаруаларды ынталандыру керектігін алға тартты.
Сонымен қатар, әкім іргелес орналасқан полипропилен қап шығаратын «Универсал» кәсіпорнында болды. Онда жылына 50 млн шамасында қап шығарылады. Зауыт бүгінде іркіліссіз жұмыс істеп тұр.