Бұл туралы Бас әскери прокуратура мәлімдеді.
«Соттың үкімімен бұрынғы-әскери қызметші ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлігінде (жас баланы зорлау), 121-бабының 4-бөлігінде (жас балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) және 124-бабының 3-бөлігінде (жас баланы азғындық жолға түсіру) көзделген қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылды және қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі төтенше мекемесінде ұстаумен өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталды», — делінген мәліметте.
Сондай-ақ үкімде сотталған азаматқа қатысты химиялық кастрация жасалатыны айтылған.
«Әскери қызмет кезінде ер адам өзінің 11 жасар қызының дәрменсіз күйін пайдаланып, бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратқаны анықталды», — делінген.
Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа материалдарымен толық дәлелденген.
«Сот жарыссөздерінде мемлекеттік айыптаушы сотталушының жасаған іс-әрекеттерінің ауырлығын ескере отырып, оған қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қажеттілігі туралы бұлтартпас дәлелдер келтірді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», — деп қосты Бас әскери прокуратура.





