Марат Сұлтанғазиев барған бірінші нысан орталық саябақ болды. Бұған дейін бірнеше рет келіп, құрылыс жұмысымен танысқан облыс әкімі жасыл желекті суарудың автоматтандырылған түрін іске қосуды тапсырған еді. Алайда, арада айлар өтсе де, «Компания Ремпуть» мердігер компаниясы әкімнің сынын елемеген. Мұндағы егілген шөп сарғайып, ағаштар қурап кеткен. Сондықтан әкім Қонаев қаласының басшысы Нұрлан Құматаевқа серіктестікке айыппұл салып, екіжақты келісімшартты бұзуды тапсырды.
Облыс әкімі байқаған басқа да мәселе бар. Ол – көрермендер отыратын жердің темір материалмен қоршалуы. Өңір басшысы кез келген ауа райында көрерменге ыңғайлы болатын, жан-жағынан ауа кіріп тұратын жабындының ағаштан қайта жасалуын тапсырды. Сондай-ақ ол саябақта бейнекамералар орнатуды, кәсіпкерлерге орын дайындап қоюды тапсырды. Ал бизнес өкілдеріне қойылатын талап біреу – жан-жағындағы ағаштарға, гүлдерге, шөпке күтім жасауы тиіс.
Өңір басшысы құрылыс жүріп жатқан №5 жағажайға, Сейфуллин көшесіне де барды. Марат Сұлтанғазиев нысандар қолданысқа берілген соң, аялдамаларға, жағажайдағы нысандарға бизнес өкілдерін тартуды тапсырды. Бұл өз кезегінде түсетін салық көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар облыс әкімі Қонаев қаласына кіреберістегі «Қар барысы» ескерткішінің аумағына барды. Күтім жасаушы мамандардың айтуынша, қылқанжапырақты ағаштар үнемі суарылады, бұл жұмыс қала басшылығының бақылауына алынған. Айта кетейік, былтыр ескерткіш тұрғызылған мезетте егілген ағаштардың барлығы қурап кетіп, орнына басқалары отырғызылған болатын.
Ал «Оспанова Девелопмент» ЖШС-нің зауыты іске қосылуы үшін газдандыру мәселесі ғана шешілмеген. Жобаның жалпы құны – 60 млрд теңге, мұнда жылына 10 мың тонна балық өсірілмек. Әкім қажетті мемлекеттік қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Әлеуметтік нысандар да Марат Сұлтанғазиевтің назарынан шет қалмады. Қаладағы жалғыз балалар емханасына барған өңір басшысына күрделі жөндеу қажет екені айтылды. Ол үшін қажетті құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтіп жатыр. Күрделі жөндеуге 500 млн теңгеден астам қаржы керек.
Бұдан басқа, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық білім ошағаның құрылысы аяқталуға жақын. Мектепті аралаған әкім құрал-жабдықтар, техникалар, жиһаздар сапалы болуы тиіс екенін айтты. Оқу ордасын газға қосу мәселесі болса, қыс басталғанға дейін шешіледі деп жоспарланып отыр.