Тұрғындардың айтуынша, карьерлерді одан ары қаза беру елдімекенді сел алып кетуіне әкеп соғады.
Аталған мәселеге байланысты бүгін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Мамандардың жазуынша, Белбұлақ ауылының жанында 3 карьер жұмыс жасап тұр. Оның біріншісі — «Достар» ЖШС-ге тиесілі карьер. Топырақ қазып алумен айналысатын серіктестікпен биылғы жылдың 11 шілдесіне дейін екіжақты келісімшарт жасалған. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының бұйрығы бойынша карьер жұмысы наурыз айында тоқтатылған.
Тұрғындар шағымын тудырған нысан болса, «Билдинг Строй Групп» серіктестігінің иелігінде. Бұл компаниямен келісімшарт 2031 жылға дейін жасалған. Нысанның жұмысына мониторинг жүргізу барысында серіктестіктің топырақ қазып алуға рұқсаты бар екені анықталған.
«Екіжақты келісімге сәйкес, қандай да бір заңбұзушылықтар анықталғанда, карьер жұмысы 6 айға тоқтатылады. Қазір ол үшін жер ресурстарын пайдалануды реттейтін органның шешімі қажет болып тұр. Сондай-ақ бұл карьер «Іле-Алатау табиғи паркінің» аумағында орналасқандықтан, табиғи ресурстар басқармасы мемлекеттік экологиялық сараптаманың күшін жою мақсатында сотқа арыз тастаған. Сот процесі жүріп жатыр», — деп жазды баспасөз қызметі.
Үшінші нысан — «Жеті тас» серіктестігінікі. Карьерден тас алатын бұл компаниямен келісімшарт 2031 жылға дейін жарамды. Аумағы — 11,1 га.





