Ол Шеңгелді ауылына қарасты Сарыбұлақ ауылындағы №5 сорғы стансасының жұмысымен танысты. Мұнда станса арқылы 1730 гектарға су беріледі.
2022 жылы суару желілерін жаңартуға республикалық бюджет есебінен 5,3 млрд. теңге бөлінген. Сенатор осы суды пайдаланушы шаруа қожалығының өкілдерімен күрделі жөндеу жүргізуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
«Сенаторлардың аудандарға сапары басталды. Біз бірінші кезекте су шаруашылығы мәселелеріне назар аударамыз. Әрине, олардың кейбірі бізге белгілі, бірқатар бағыттар бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ Орталық деңгейде қарауды қажет ететін мәселелер бар. Мәселен, бүгінгі кездесуде егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету нашар екені атап өтілді. Алматы облысында барлығы 263,8 мың гектар суармалы егістік бар, ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Суару желілері мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялаусыз және күрделі жөндеусіз ұзақ уақыт пайдалану салдарынан тозығы жетіп, суармалы жерлер толығымен игерілмей жатыр. Бұл мәселені шешу үшін облыста 54,1 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру үшін суару желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Іссапар Іле ауданында жалғасты. Онда сенатор Қараой ауылдық округіне қарасты «Чала» және «Құралас» каналдарының жағдайымен және Ащыбұлақ ауылдық округіндегі кәріз тазарту құрылғыларының жұмысымен танысты.