Кездесу барысында Қытай тарапының Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалын субсидиялау, қос мемлекет арасында үшінші трансшекаралық темір жол жобасын іске асыру, сондай-ақ 52 өнеркәсіп жобасына байланысты өзара тиімді индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық тетігінің 20-отырысын өткізу мәселесі қаралды.
Қазақстан делегациясының құрамында министр Марат Қарабаевтан басқа, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан, Көлік комитетінің төрағасы Алтай Әли, Өнеркәсіптік инфрақұрылымды және елішілік құндылықты дамыту департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов, сондай-ақ Kazakh Invest ҰК АҚ басшылығы болды.
«Қазір біз Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамыту туралы келісімді әзірледік. Ол жақын арада Қытай тарапына мақұлдау үшін жіберіледі. Сондай-ақ халықаралық сауданы дамыту үшін біз Қытай – Еуропа – Қытай маршруты бойынша жүк тасымалын одан әрі субсидиялау мүмкіндігін анықтағымыз келеді. 2022 жылы жүк тасымалы көлемінің 2 есе ұлғаюы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сианьға сапары кезінде айтқан маршруттың болашағын растайды. Осы бағыттың маңызын және оның халықаралық сауданы дамытудағы рөлін ескеріп, біз Қытаймен ынтымақтастықты нығайтамыз деген үміттемін», — деді министр.
Сонымен қатар тараптар биыл қаңтар-мамырда ТХКБ бағытында жүктердің экспорты 2,2 есе өскенін атап өтті. Мұнай өнімдерінің экспорты 17 есе, асбест 4 есе және астық 2 есе артқан.