Биылғы жылы жарысқа Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан 9 бен 17 жас аралығындағы ұл-қыздар, сондай-ақ ерлер мен әйелдер (18 жас пен одан жоғары) қатысуда. Бүгінде 60-тан астам адам өздерінің яхталарын Қапшағай су қоймасына әкелді. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Қатысушылар қатарында желкенді қайық спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Өмірзақ Жандәулет, Құбаев Берік, Щанкин Владимир, Гаас Антон, Белозерова Яна, Рау Снежана, Ильина Таисия бар. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар тек қана желкенді қайық спортын ғана емес, Қонаевта және жалпы Алматы облысында туризмді дамытады деп санайды.
«Бүгінде біз Қонаев қаласы мен Қапшағай су қоймасын желкенді қайық спортының астанасы деп санаймыз. Биылғы жылдың барлық республикалық іс-шаралары осында жоспарланған. Оның үстіне желкенді қайық спортынан Қазақстан құрамасының 70 пайызы Алматы облысының өкілдері, сондықтан бұл су спортының осы түрінен ең жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Біздің барлық күш-жігеріміз 2023 жылы желтоқсанда Тайландта басталатын халықаралық лицензиялық турнирге дайындалуға бағытталған. Бұл турнир қатысушыларына Париждегі Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алу мүмкіндігін береді», – деді Қазақстан Республикасы Желкенді қайық спорт федерациясының вице-президенті Мақсұт Нарбаев.
Жарыс бес күнге созылады. 30 маусымда ең үздік он яхташы жүлделерді сарапқа салады.