Мереке құрметіне ұзындығы 30 метр, ені 15 метр және салмағы 150 келіге жуық еліміздің байрағы көкке көтерілді. Бұл ту облыстағы «Қоғамдық даму орталығының» арнайы тапсырысы бойынша дайындалған.
Салтанатты шараға өңір басшысы қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
«Көк туымыз бейбітшіліктің символына айналды. Әнұранымыз әлемнің әр тарабында шырқалып, жасампаздықтың жыры болып келеді. Мұның барлығы қазақстандық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Өз кезегінде Тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің қатысуымен «Мемлекеттік туым — менің мақтанышым» челленджі аясында Қазнет-те кеңінен таралған трендтегі бейнеролик те түсірілді.
Сондай-ақ Қонаевта Қазақстан туы ілінген ретрокөліктердің көрмесі өтті. Онда бір кездері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған, Қонаев қаласының негізін қалаушы Дінмұхамед Қонаевтың жеке көлігі қойылды.
Шараға жиналған жұрт әсем көріністі тамашалап, көтеріңкі көңіл-күйде үйлеріне тарқасты.
Жалпы Алматы облысының барлық елдімекендерінде осыған ұқсас шаралар ұйымдастырылып жатыр.