Қаланың әрбір шағын ауданында құрылыс жүргізіліп жатыр: тұрғын үйлер, мектептер, коммуникациялар тартылып, қала көшелері кеңейтілуде.
10-ықшам аудандағы 900 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда қазірдің өзінде сырлау, линолеум төсеу және едендерді тегістеу, асхана жабдықтарын орнату сияқты жұмыстар жүріп жатыр. Аймақ басшысы кәсіпорын жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап үлгермей қалуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірсе, мердігер нысанды мерзімінде тапсыруға сендірді.
Марат Сұлтанғазиев атқарылған жұмыстардың сапасына да аса назар аударуды тапсырды.
«Объектіні тапсыру кезінде ескертулер болмас үшін бәрін тексеру қажет. Сапасы талапқа сай болуы керек», — деді облыс әкімі.
Құрылыс айналма жол мен қаланың бірнеше аудандарында көп қабатты үйлер салуды қамтыды. Осылайша, облыс басшысы 19 шағын ауданға барды, ондағы үйлер бұрын салынған және тозығы жеткендіктен бұзуға жатады.
2021 жылдан бастап қалада «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы (5.4.4 тұрғын үй қорын жаңарту) басталды, оның шеңберінде тұрғындарды көшіру және апатты үйлерді бұзу кезең-кезеңімен жүргізіледі. 5 үйдің тұрғындары қоныс тойын тойлап үлгерді. Бұрынғы ескі үйлердің орнында жаңа көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тұрғындарға ескі пәтердің орнына қайталама нарықтан шамалас шаршы метр немесе құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа үйге қоныстану ұсынылады. Ғимаратты салу кезеңінде құрылыс компаниясы тұрғындардың жалға алатын пәтерді төлеу міндеттемелерін өзіне алады. Жалпы, 28 үй (336 пәтер) апатты деп танылды және бұзуға жатады.
Қала орталығындағы тұрғын үй кешендері инвесторлар есебінен салынып жатыр. Sun City кешеніндегі пәтерлердің схемасы стандарт: 40 м2-ден 1 бөлмелі пәтерлер және 112 м2 дейінгі 3 бөлмелі пәтерлер. Бастапқы кезеңде 300 мың теңге/1 м2 жарнамалық баға болды — оған 30 пәтер сатылды, қазір баға 350 мың теңге/1 м2 деңгейінде. Құрылыс барысында негізінен облыста өндірілген материалдар пайдаланылып, жұмысқа жергілікті халық жұмылдырылды.
Жақын жерде NJ Towers кешені салынып жатыр. 11 блоктың 4-і салынып бітті, 118 пәтер пайдалануға берілді, қалған 8 блокты (169 пәтер) 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жобада сонымен қатар үлкен балалар алаңы мен 500-ден астам көлікке арналған тұрақ бар. Тұрғын үйдің 1 м2 құны 380 мың теңгеден басталады.
10-шағын ауданда бюджет қаражаты есебінен 60 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Тапсыру мерзімі – осы жылдың тамыз айы. Тағы 60 пәтерлі үш үйді сумен жабдықтау және кәріз желілерін төсеу жұмыстары аяқталды, жылумен жабдықтау желілерін орнату аяқталып қалды, электрмен және газбен жабдықтау желілерін төсеу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Қала әкімі Нұрлан Құматаев шаһарда әлеуметтік нысан құрылыстарының қарқыны ай сайын артып келе жатқанын атап өтті. Компаниялар объектілерді қысқа мерзімде салумен қатар сапасына да ерекше мән береді. Бұл басты талаптардың бірі.
«10-шағын аудандағы мектептен басқа, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша тағы 2 мектеп салу жоспарланып жатыр: олардың бірі қалада, екіншісі 12-шағын ауданда болады. Бас жоспарға сәйкес, болашақта біз көптеген әлеуметтік нысандарды жоспарлаймыз: 500 адам қабылдайтын емхана, перинаталдық орталық, жұқпалы аурулар ауруханасы, сондай-ақ МЖӘ жобасы аясында — 350 төсектік көпсалалы аурухана. Облыс орталығына айналғалы мұнда халық ағыны да артып келеді, яғни тұрғын үй тапшылығы да жоқ емес. Біз 10-шағын ауданды игеріп жатырмыз. Мұнда 107 үй салынады. Құрылыс бюджет есебінен де, жеке құрылыс салушыларды тарту есебінен де жүргізілетін болады. Бұл тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін, оның ішінде кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешуге көмектеседі», — деді қала әкімі.