Қазіргі таңда мұнда ірі қара малы 148 мың 853 бас, қой мен ешкі 1 млн. 151 мың 706 бас, жылқы 46 мың 972, түйе 1 мың 722 бас, құс 657 мың 297 басқа жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл ауданы облыста 1-орында тұр. Аудан әкімінің айтуынша, ортақ жайылым жер тапшылығы 158,5 мың гектарды құрайды.
«Халықты жайылыммен қамту өте ауқымды жұмыс болып тұр. Жыл сайын мал басы артып келеді. Дегенмен, 61 ауылдың 54-де жайылым жер мәселесі шешілген. Мұнда жалпы ауданы 42 мың гектардан астам жер пайдалануға берілген. Қазіргі таңда қалған 7 елдімекен бойынша ортақ жайылым жерлерін беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар: Қызыләскер, Еспе, Жаңақұрылыс, Ынтымақ, Ақдала, Үмбеталі, Шолаққарғалы ауылдары», — деді әкім.
Нұрлан Ертас пайдаланылмай жатқан жер туралы да сөз етті.
«Аудан бойынша пайдаланылмай жатқан жердің көлемі 55 635 га. Соттың қарауына 7 субъектінің 3900 гектар жері жіберілді. Жер иесінің анықталмауына байланысты иесіз жер ретінде 1000 га жер есепке алынды», — деді аудан басшысы.