Мобильді қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – шалғай ауыл тұрғындарының мәселелеріне құлақ түріп, тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу. Қазіргі таңда облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарда мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылуда. Мәселен, күні кеше Іле ауданының Қараой ауылдық округінде өтті.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев, облыстық мәслихат депутаттары, жауапты облыстық басқарма басшылары мен қызмкеткерлері, құрылымдық бөлім мамандары елді мекендерді аралап, жалпы 60 азаматтың арыз-өтініштерін тыңдады.
Іле ауданының тұрғындары бірқатар мәселелердің шетін шығарып, жауапты мамандармен шешу жолдарын қарастырды. Атап айтқанда елді мекенге спорт кешені мен мәдениет үйін салу, ауыз су және көгілдір отынмен қамтамасыз ету сынды өтініштер. Қараой ауылының тұрғындары балалар алаңын, футбол алаңы мен спорт комплекісін салу мәселелерін көтерді. Ал Қосөзен ауылының тұрғыны 500 шаршы метрі бос тұрған ғимаратты балаларды дамыту орталығын ашуға мемлекет тарапынан көмек көрсетуін сұрады.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрасы Қуат Байғоджаев бірқатар шағымдар мен ұсыныстарды жеке бақылауына алып, жауапты мекемелер арқылы оңтайлы шешуге атсалысатынын жеткізді.
Мобильді қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың арыз-өтініштері қараусыз қалмай, партия филиалының тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Айта кету керек, мобильді қоғамдық қабылдау өкілдері маусым айының басында Кеген ауданында барып, шалғай ауыл тұрғындарымен кездесетінін еске саламыз.





