20-29 мамыр күндеріне ұйымдастырылған Әлем Кубогы Іле ауданындағы Александр Асанов атындағы ату клубында өтеді.
Қатысушылар осы жарыста спорттық рейтингті ISSF кестесі бойынша көтеруге және ендігі жылы Францияда өтетін XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндіктері бар.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, шетел делегациясы, Алматы облысының әкімі ең алдымен арнайы тігілген қазақ үйлерге кіріп, тарихтан, дәстүрден сыр шертетін жәдігерлермен танысты.
Бұдан кейін жиналған жұртшылыққа шағын концерт қойылып, қатысушы елдердің туы алаңға тігілді.
Шарада стенд атудан халықаралық федерацияның (ISSF) президенті Лучиано Росси барша жұртты салтанатты ашылу рәсімімен құттықтап, жаттықтырушыларға, спортшыларға, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«Қазақстан мәңгілік жүрегімде қалады. Түрлі елдердің федерацияларына алғысымды білдіремін. Бұл дода достықты да нығайтады», — деді Лучиано Росси.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов бұл жарыстың спортшылар үшін маңызды дода екенін атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, келер жылы Олимпиада ойындары ұйымдастырылмақ. Сол жерде біздің спортшылар үлкен жетістікке жетуіне тілектеспін. Мұндай жарыстарда қазақстандық спортшылар піседі деп айтуға болады. Әлемдік деңгейдегі спортшылармен бақ сынасу — үлкен тәжірибе. Қолдау көрсеткені үшін федерация басшыларына алғысымды білдіремін», — деді Алтай Көлгінов.
Алматы облысының әкімі де сөз алып, спортшыларға тағы бір мәрте сәттілік тіледі.
«Стенд атудан рейтингтік Әлем кубогына қош келдіңіздер. Бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі және Ел имиджінің көрсеткіші. Бүгінгі өткізіліп отырған жарыс болашақта жоғары дәрежелі спортшыларды дайындап тәрбиелеуге үлкен септігін тигізетініне сенімдімін», — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде.
Өңір басшысы стенд атудан Әлем Кубогының иегерлері Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенкоға Гейт сити аумағынан 2 бөлмелі пәтер кілтін табыс етті. Бұдан бөлек, ҚР Спорт және мәдениет министрлігінің атынан Лучиано Росси «Спорт саласының құрметті қайраткері» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар жарысқа Қазақстанның атынан қатысатын облыс тумасы, Әлем Кубогының иегері Әсем Орынбай бұл жарыста басты бәсекелес италияндық команда болатынын айтты.
«Әлем Кубогының Алматы облысында өтіп жатқаны біз үшін мәртебе. Жарысқа тыңғылықты дайындықпен келдік. Додадағы басты қарсылас италияндық команда болмақ. Олар бірнеше рет чемпион атанғандар. Сондай-ақ жарысқа олимпиада чемпиондары да қатысатынын айта кеткен жөн. Біздің мақсат — финалға өту. Рейтингтік жарыс болғандықтан, біз мұнда ұпайлар жинайтын боламыз», — деді спортшы.