Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылы республика бойынша санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 26 670 сынама зерттелді, оның 1 028 немесе 3,9%-ы нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Микробиологиялық көрсеткіштерге 28 764 сынама зерттелсе, 1 007 немесе 3%-ы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді», — деді спикер орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Жеткізілетін су сапасының төмендігінің бір себебі – су құбыры жүйесінің тозуы. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, елдегі су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 98 мың шақырым болса, оның тозу деңгейі – 43%.
«Осыған байланысты, тұрғындарға жайлы өмір жағдайларын жасау мақсатында жаңа желілерді салудан басқа, тозған желілерді қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 1,8 мың шақырымы қайта жаңартылды», — деді Ә. Пазылбекұлы.