Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен қор басшысы Нұрлан Жакупов кездесіп, ортақ жобалардың жүзеге асырылуын талқылады.
Нұрлан Жакуповтың сөзінше, қордың жұмыс тобы өңірде қайта қалпына келтірілетін энергия көздерін салумен айналысатын болады.
«Алматы облысы Орталық Азиядағы ірі энергетикалық хабтың біріне айналуы мүмкін. Әуелі энергия өңірдің қажеттілігін қанағаттандыру үшін жұмсалуы қажет. Ішкі нарықтағы сұраныс күн санап артып жатыр. Артық энергияны экспортқа шығарудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда Өзбекстан және Қырғызстан елдері біздегі таза энергияға қызығушылық танытып отыр», — деді қор басшысы Нұрлан Жакупов.
Өз кезегінде облыс әкімі өңірдегі бірқатар мәселелер мен олардың шешімі туралы сөз етті.
«Алматы облысында тауарлық газ көлемінің тапшылығы бар. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді газдандыру жобаларын іске асыру үшін құрылымдық бөлімшелерден техникалық шарттар алуда қиындықтарға тап болады», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Аталған мәселені шешу үшін ол қор басшысына өңірлік сызбаға сай газ көлемін 800 млн. м3 көлеміне дейін ұлғайтуды ұсынды. Себебі, былтыр 702 млн. м3 көлеміне өтінім берілгенде, газ тапшылығы жойылмаған.
Бұдан бөлек, өңір басшысы газ тарту жұмысын инвесторға өткізіп беру, автоматтандырылған газ тарату стансаларының жұмысын бірізділендіру түйіткілдері туралы да жеткізді.