Арнайы шараның барысында ҚР Әкімшілік кодексінің 505-бабы, яғни қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу сынды заңға қайшы әрекеттер анықталды.
Құқық қорғаушылардың көзіне түскен алғашқы нысан Алматинская көшесінің бойындағы құрылыс қалдықтары үйілген жер телімі болды. Жеке меншіктің иелігіндегі жер қаланың негізгі көшесінің қапталында орналасқан. Мұндағы құрылыс заттарының үйінділерінен аяқ алып жүре алмайсың.
Аталған жердің иесі, қала тұрғыны Ербол Ермекбаев болса, құрылыстан қалған үйінділер менікі емес деп ақталды.
«Күз айында аймаққа Мемлекет басшысы келеді деп, маңайындағы ағаштарды отап, көшені жөндеп, ондағы жиектастарды ауыстырған болатын. ТҮКШ мамандары содан шыққан күл-қоқысты менің жер теліміме уақытша төгеміз, артынша тазалаймыз деп ауыз екі тілде келісімге келген еді. Арада қанша уақыт өтсе де, ешқандай өзгеріс орын алмады. Қоқыс сол күйінше тұр», — дейді Ербол Ермекбаев.
Жер телімінің иесі қалалық ТҮКШ бөлімінің атына шағым түсіретінін айтып, рейд барысында құқық қорғау қызметкерлеріне талап-арызын жазып берді.
Ал учаскелік полиция инспекторы Темірлан Сатыбалдинов жер иесіне ескерту берді. Белгілі мерзімде негізгі орын тазартылмаған жағдайда 20 АЕК көлемінде айыппұл жазылатынын ескертті.
Полиция қызметкерлері бетке алған кезекті орын Қонаев қаласындағы №5 ықшам ауданда орналасқан «Питомец» ветеринарлық клиникасы болды.
Шағын маркеттің жан-жағы құрылыстан қалған заттар мен түрлі тұрмыстық қалдықтарға толып қалған. Дүкен иесіне полиция лейтенант Темірлан Сатыбалдинов бірінші рет ескерту беретінін, заң аясында айналаны тазартуға бір тәулік уақыт берілетінін айтты. Егер бұл жағдай түзетілмесе, 69 мың теңге айыппұл салынатынын ескертті.
Учаскелік полиция инспекторы Темірлан Сатыбалдиновтің айтуынша, мұндай рейдтік шаралар күнделікті негізде жүргізіледі.
«Біз қала көлемінде күнде рейд жүргіземіз. Басты мақсат — ҚР Әкімшілік кодексінің 505-бабының сақталуын қамтамасыз ету. Жыл басынан бері Қонаев қаласында 256 заң бұзушылық фактісі анықталды. Ал облыс бойынша қаңтар мен сәуір айларының аралығында 5 699 әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті тіркелді», — деді учаскелік полиция инспекторы Темірлан Сатыбалдинов.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы облысы бойынша ҚР Әкімшілік кодексінің 505-бабын бұзғаны үшін 5 654 жеке тұлғаға ескерту берілсе, 45 адам айыппұл арқалады. Қаңтар айынан бастап салынған айыппұл көлемі 2 168 005 теңгені құраған.