Бүгін Алматы облысының әкімдігінде Қонаев қаласындағы көпқабатты үйлердің қасбеттерін бірдей дизайнмен әрлеуге, қалаішілік жолдарды адамдардың өмір сүруіне қолайлы болатын жүйеге келтіруге мүдделі компаниялардың өкілдері дизайн кодтарын таныстырды.
«Облыста «Almaty region master plan» ЖШС құрылған. Қазіргі таңда бұл мекеме G4 city-дегі 4 қаланың жобалау жұмысын жасап жатыр. Болашақта Қонаев қаласының ішіндегі жоспарлардың барлығы осы серіктестік арқылы жүргізіледі және компанияны мемлекеттік мекеме ету жоспарда бар», — деді алғашқы компаниямен таныстырған Нұржан Құдайбергенов.
Содан соң «Almaty region master plan» ЖШС директоры Арсений Пирожков шаһардың дизайн кодын таныстырды. Оның айтуынша, жоба Астана мен Алматы қалаларының дизайн кодына сүйене отырып жасалған.
«Біз өз жұмысымызды қала көшелерінің классификациясын зерттеуден бастадық. Көшелердің өзі бірнеше аймақтарға бөлінеді: жаяу жүргіншілер жолы, көліктер мен жаяу жүргіншілерге қызмет көрсететін аймақ (аялдамалар, тұрақтар), қарама-қарсы бағытта жүретін жолдарды бөлу аймағы, көпқабатты нысандардың қасбеттерін әрлеу аймағы. Мұндағы мақсат – велосипед жүргізушілер жолын және 1-қабатта орналасқан бизнес өкілдеріне жағдай жасау. Яғни, дүкендер бар жерді міндетті түрде жаяу жүргіншілерге ыңғайлы ету қажет. Сонда кәсіпкерлердің табысы артып, бюджетке салық та көбірек түсетін болады», — деді Арсений Пирожков.
Серіктестік ұсынған дизайнда жарық бағаналарының орналасуы мен олардың заманауи үлгілерін қою, жарнама ілінетін орындардың дизайны, көшелерге тас пен асфальт төсеу, жабайы сауданы ретке келтіру үшін дүңгіршектер қою, көгалдандыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қозғалуына тиімді шешім табу сияқты бірқатар мәселелердің шешімі көрсетілген.
Сондай-ақ жиында Алматы қаласында қызмет ететін «АрхбюроTAL» компаниясының өкілдері де таныстырылым жасады.
Мамандарды тыңдаған облыстық мәслихаттың депутаты Ләззат Тұрлашов дизайн кодта ескерілмей қалған тұстарды айтып, өз ұсынысын білдірді.
«Автотұрақ мәселесінің нақты шешімін көре алмадым. Қонаевта жаздыгүні өте ыстық болатынын ескеріп, фонтандар салу туралы сөз қозғамадыңыздар. Қасбеттерді өте қымбат бағаға жасай алмаймыз, сол себепті нысандарды ашық түстерге бояу керек секілді. Әр шағынауданның өзіне тән, ерекшеленетін түсі болуы қажет. Және қалада жаңадан салынатын көпқабатты үйлердің де дизайнына мән берген жөн», — деді Ләззат Тұрлашов.
Өз кезегінде шаһар басшысы Нұрлан Құматаев қазірдің өзінде велосипед жүргізушілері үшін арнайы жол салудың жобасы дайын екенін айтты. Аталған жол 8-ші жағажайдан басталып, Сейфуллин көшесіне дейін жалғасады. Ал Сейфуллин көшесі 4 жолақты жолға дейін кеңейтіледі.
«Қонаев қаласының бас жоспары бекітілген соң шаһарды өзгерту мақсатында 300-ден астам шара қолданылады. Соның тең жартысы ескі қалада жасалады. Оған инфрақұрылымды өзгерту, кәріз тазарту жүйесіндегі сорғыларды ауыстыру секілді келелі жобалар кіреді. Қаладағы кәріз жүйесіне жөндеу жасауға 11 млрд теңге қаражат бөлінді. Мұның барлығы қаланы дамытудың кешенді жоспары аясында қолға алынды. Енді дизайн кодты бекітіп, кешенді жоспар екеуін бірге жүзеге асыруымыз қажет», — деді қала әкімі.
Қазіргі таңда қаланың бас жоспары мамыр айында бекітіледі деп күтіліп отыр, дизайн код та шамамен сол кезде қолданысқа беріледі. Алдағы уақытта тағы да бірнеше таныстырылым өтеді.