«Қоғамдық көліктер жұмысында жанармай өнімдерінің маңыздылығы жоғары болғандықтан, біз еліміздегі бензин мен дизель отынын өндіру саласын назарда ұстап отырамыз. Әрине соңғы өзгерістерге байланысты бағаның қымбаттайтыны біз үшін қуантарлық жаңалық деп айта алмаймыз. Бірақ бұл ең бірінші кезекте елімізде туындауы мүмкін тапшылық мәселесін шешуге бағытталғанын түсінеміз», — дейді.
Оның пікірінше, Қазақстанда бензин мен дизель отынын өндіру көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Мәселен өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда биыл тұтыну көлемі 15%-ға артқан. Бұл әрине еліміздегі жанар-жағармайды өндіру жағы дамып келеді дегенді білдіреді, алайда бізде өндіріліп жатқан өнімнің бағасы көрші елдермен салыстырғанда төмен болғандықтан алдағы уақытта тапшылыққа ұрындыруы мүмкін.
«Яғни, бұл арзан жанармаймен біз тек өзге елдердің экономикасын субсидияландырып, өз елімізге еш пайда келтірмейміз деген сөз. Сондықтан ішкі нарығымыздағы жағдайды тұрақтандыру үшін бензин мен дизель отынының бағасын өсіріп, көрші мемлекеттермен баға айырмашылығын төмендету қажет. Бұл алдағы уақытта туындайтын көптеген мәселені шешеді деп ойлаймын. Себебі мәселені қазірден бастап қолға алмасақ, бұл алдағы уақытта еліміздің экономикасына да, энергетикалық саласына да кері әсер тигізетін болады», — дейді «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің директоры Дәулет Жандыбаев.