Наурыздың 24-інен 25-іне қараған түні қазақстандық туристер мысырлық Шарм-эль-Шейх курортынан Алматыға қайтып келе жатқан болатын. Ұшудың екінші сағатында «Air Cario» бортындағы 72 жастағы жолаушы ауырып қалды. Стюардтардың сұрауына Алматы қаласы №4 қалалық аурухананың дәрігері Нұржан Әжібеков пен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің үш студенті көмекке келді.
Егде жастағы әйелде жүрек талмасының барлық белгілері байқалды. Ұшақ Алматыға қонғанша 4 сағат бойы медицина қызметкерлері реанимациялық шараларды жүргізіп, шұғыл көмек көрсетті.
«Әйел ес-түссіз жатқан, оған дейін құсқан, суық тер шықты, тамыр соғысы әрең сезілді, қан қысымы төмен болды. Содан кейін хаттама бойынша әрекет еттік: тамырлық кіру жасадым, құсудан асфиксияны болдырмау үшін ауыз-жұтқыншақты тазаладық, содан кейін жүрекке түсетін жүктемені азайту үшін науқастың аяғын 60°-қа көтердік. Науқасты оттегі беретін Бобров аппаратына қостық. Студенттер белсенді түрде көмектесті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қан қысымы 80/60-тан 130/80-ге, қанықтылық 87-ден 96-ға көтерілді», — дейді сол ұшақпен ұшқан Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков.
Нұржан Әжібеков – бас ми мен омыртқаға ең күрделі жоғары технологиялық операциялар жасалатын Алматы қаласы №4 қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Дәрігер жыл сайынғы еңбек демалысына шығып, сол күні отбасымен демалыстан кейін үйіне қайтып бара жатқан.
Куәгерлердің айтуынша, ұшақта болған дәрігер мен медицина университетінің студенттері әйелдің жағдайын тұрақтандырып, есін жиып, жағдайын бақылаған. Ұшақта көмек көрсеткен С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттерінің есімдері де белгілі: Қажыров Дәулет, Жарқын Рахат және Саида Бармағамбетова.
Туыстарының айтуынша, Күлжамал Рахметтуллақызы өзін жақсы сезінеді, Алматыға келгеннен кейін бірден ауруханаға түскен, бүгінде жағдайы біршама жақсарған.