«Алтын орда» базарында телефон сатамын деп ажал құшқан жігіттің туыстары дәрігерлерді айыптап отыр. Оқиға 14 маусымда болған, 23 жастағы Қайнар Біләл «Алтын орда» базарында болған төбелестен ауыр соққы алып, 1 айдан кейін көз жұмған.
Базарда болған жанжал желіге тарады. Онда жігіттің 2 рет ауыр соққы алғаны анық көрінеді.
«Ағатай, телефонымды бер» деп жігіт жалынып жатты. Бірақ ана азаматтың қолында пышақ болды. Қайта қыздар барып көмектесті», — деді куәгер.
Ауыр соққыдан ауруханада көз жұмған жас жігітті жақындары 11 шілдеде ақтық сапарға аттандырды.
«Мұнда белгілі жүйе бар секілді. Алдымен күйеуіме балалы әйел келіп телефонды қайда сатуға болатынын айтқан. Қайнар сол кезде-ақ бір шикілікті сезгенін айтты. Содан екі жігіт келіп, көремін деп ұялы телефонын алып, бермей соққыға жыққан», — деді марқұмның жары Шынар Дәулетқызы.
Қайнардың қара шаңырағы қаңырап тұр. Оның артында анасы мен жары қалды. Марқұмның анасы 6 күн бойы ауруханада жатқан ұлына дер кезінде дұрыс ем жасалғанда тірі қалар еді, дейді.
«Талғардың дәрігерлеріне айтар шағымым бар. Баламды дұрыс қарамады. Есіктің алдындағы итіңді де сылап-сыйпайсыңдар ғой, сонда балам ит құрлы болмады ма? Әбден бес-алты күн болғаннан кейін өзге дәрігерге жіберген. Тек ауруды басатын дәрі сала берді, бірақ ота тағайындамады», — деді марқұмның анасы Пәтігүл Мұзартбекқызы.
«Келген кезде жағдайы ауыр болды. Сол жақ бет сүйектері сынған. 6 күн травмотологияда жатып жағдайы қанағаттандырарлық болған соң облыстық ауруханада ота жасауға ауыстырылған», — деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бақыт Жәмеков.
Бақыт Жәмековтың айтуынша, Талғардағы ауруханада ота жасауға мүмкіндік болмаған.
«Ота жасауға сол кезде көрсеткіш болған жоқ. Біріншіден, мен ондай ешқандай пікір бере алмаймын. Оны бізге беретін құзырлы органдар бар, сот-медициналық сараптама бар», — деді Бақыт Жәмеков.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы «Алтын Орда» базарында ер адам телефонын қайтармақ болған жігітті ұрып тастаған еді. Алған соққылардан кейін жігіт ауруханаға түсіп, 8 шілдеде қайтыс болды.