Мамандардың айтуынша, биыл дивидендтерге салынатын салыққа өзгеріс енгізілді. Мысалы, жеке тұлға 30 000 АЕК көлемінен аз дивиденд алған болса, одан кіріс салығы алынбайды.
Бұдан бөлек, мамандар кәсіпкерлердің көп уақыттан бері түйіткілді мәселесіне айналған тауарға ілеспе жүкқұжатты рәсімдеу процессі өз күшінде қалғанын айтты.
«Кәсіпкерлер ұзақ уақыт бойы тауарға ілеспе жүкқұжатты (ТІЖ) рәсімдеуді қолданыстан шығару үшін күресті. Дегенмен, бұл процесс өз күшінде қалды. Неге десеңіз, ТІЖ – электронды құжат. Қазақстанда цифрландыру саласы дамып келе жатқандықтан құжатты қолданыстан алып тастау мүмкін емес. Алайда, құжатты алу процессі біршама жеңілдетілді. Импорт пен экспортқа шығатын тауарларды реттеп отыратын да осы құжат екенін айта кеткен жөн», – деді ҚР аудиторы, салық заңнамасын түсіндірген маман Тюлекпаева Татьяна.
Жиында мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) шағын және орта бизнес өкілдеріне жүргізетін тексерісі туралы Шахизат Жайлаубаева айтты. МКД-не қарасты аудит басқармасының бас маманының мәліметіне сүйенсек, кәсіпкерлердің құжаттарына тексеріс жасауға елімізде мораторий жарияланғанымен, кез келген салық төлеуші тұлғаның жұмысына талдау жасалатын кездер болады.
«Тексеріс бағыттарына қарай бірнеше түрге бөлінеді: толыққанды, белгілі бір тақырыпқа арналған, мерзімдерге байланысты. Толыққанды тексерісте барлық салық түріне қатысты заңдылықтың сақталуына талдау жүргізіледі. Ал мерзімдерге байланысты тексерісте кіріс пен шығыс сомалары талданады», — деді Шахизат Жайлаубаева.