Ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды. Жарысты Республикалық құсбегілік федерациясы мен Жетісу облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Жастар арасында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен ҚР XIV чемпионатында бүркітшілер сайысы бойынша Атырау облысынан келген Иманғали Абдулкәрімұлы жеңімпаз атанды.
Қаршығаны қолға шақырудан Алматы облысының өкілі Сейітжан Бексұлтан бас жүлдені иеленді.
Ителгі салудан Түркістан облысынан келген Мүсәлім Салманға тең келер құсбегі болған жоқ.
Командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль қанжығылап, көш бастады. Атырау және Алматы облысының өкілдері екінші және үшінші орынға жайғасты.
Шараға Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Абай, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының спортшылары қатысты.
«Құсбегілік ұлттық спорты қазақ тарихында тамыры тереңге тараған еліміздің төл мәдени құндылығы болып саналады. Құсбегілік ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығымен ұлттық спорт түрі ретінде танылған сәттен бастап 7 мемлекеттің қатысуымен 1 рет Әлем чемпионаты, 2 рет Азия чемпионаты (5 мемлекет), 40-қа жуық халықаралық турнир мен 15 рет Қазақстан Республикасының чемпионаттары ұйымдастырылды. Аталған спорт түрі Астана, Алматы қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде тұрақты дамып келеді», – деді республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Жанжігіт Омархан.