Жергілікті мәдениет бөлімінің мамандарының айтуынша, бұл нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып қойған. Бюджеттен 278 млн. теңге бөлінсе, жұмыс басталады.
«Құрамында 5 ауылы бар бұл округте 13 800 адам тұрады. Үлкен ауылдың Мәдениет үйінің бет-бейнесі қалыпқа келсе болды, ғимарат сапалы салынған. Кеңес кезінде бой көтерсе де, қайта қолданысқа беруге жарамды. Күрделі жөндеу кезінде нысанның бастапқы қалпы бұзылмайды. Мұнда кітапхана да бар. Ол жұмыс істеп тұр. Ендігі біздің көздеп отырғанымыз — Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, халыққа жағдай жасау», — дейді мамандар.
Өз кезегінде министр «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілетінін айтты.
«Кешеден бері айтылып жатқан мәселелердің шешімі тек облыстық бюджетке ғана емес, мемлекеттен тікелей бөлінетін қаржыға да байланысты. Бұл Мәдениет үйінің сапалы салынғанын көріп отырмыз. Аталған нысанды тек күрделі жөндеуден өткізіп қана қоймай, жаңа құрал-жабдықтармен де қамтамасыз ету керек. Бар жұмыс «Ауыл — ел бесігі» атты бағдарлама аясында жүргізіледі», — деді Әлібек Қуантыров.