Алматы облысы Қарасай ауданы тұрғындарының өтініштері негізінде ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті «Сигма-Газ» ЖШС қызметіне 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2023 жылғы 17 қаңтарға дейінгі кезеңде табиғи монополиялар туралы заңнама мен Кәсіпкерлік кодекс нормаларының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Атап айтқанда, ТМРКД тауарлық газды тасымалдау бойынша тарифтердің негізділігін, сондай-ақ тұтынушылар үшін тауарлық газды сатуға арналған бөлшек бағалардың баға белгілеу тәртібінің сақталуын тексерді.
Осылайша, жоспардан тыс тексеру нәтижесінде табиғи монополиялар туралы заңнаманың нормаларын сақтамау фактілері, уәкілетті органға, атап айтқанда Алматы облысы бойынша ТМРКД-ға тауарлық газды газ тарату жүйелері бойынша тасымалдау қызметтеріне тарифтерді бекітуге олардың қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты өтінім берілмеуі бөлігінде анықталды.
Бұдан басқа, тексеру жүргізу шеңберінде тауарлық газды бөлшек саудада өткізуге ҚР Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген баға белгілеу тәртібінің сақталмағаны анықталды.
Осыған байланысты Алматы облысы бойынша ТМРКД анықталған бұзушылықтарды жою бөлігінде «Сигма-Газ» ЖШС атына ұйғарым шығарды, сондай-ақ «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 164-бабының төртінші бөлігі және 167-бабы бойынша екі әкімшілік хаттама жасады, олар 280 АЕК (966 000 теңге) және 300 АЕК (1 035 000 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды көздейді.
Нәтижесінде «Сигма-Газ» ЖШС-не жалпы сомасы 2 млн. теңгеден астам айыппұл салды.
Сондай-ақ, «Сигма-Газ» ЖШС Алматы облысы бойынша ТМРКД-ға газбен жабдықтау қызметтерінің тарифтері мен бағаларын қайта қарауға өтінімдермен жүгінуге бұйрық берілді.
Табиғи монополиялар субъектілері мен қоғамдық маңызы бар нарықтардың тарифтері мен бағаларын қалыптастырудың ашықтығы туралы қосымша хабарлаймыз, оларды бекіту ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ерекше бақылауында болады.