«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін хабарланғандай, Түркияның оңтүстік-шығысында 7,4 магнитудасына дейін үш рет жер сілкінді. 7,4 балдық ең қуатты жерасты дүмпуі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04:17-де, 7 км тереңдікте болды. Содан кейін әртүрлі аймақтарда — Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфада жарты сағат бойы жер сілкінген.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат толықтырылып жатыр. Соңғы мәліметке сәйкес, қаза болғандар саны 76-ға жетті, 440 адам жарақат алды. Қираған ғимараттар саны — 140.
https://www.alataunews.kz/oqigha/tuerkiyada-7-baldan-asatyn-zher-silkinisi-boldy/