«Қазақстан бойынша жылына 1 800 әйелден жатыр мойны ісігі анықталады. Бұл ауру түрі онкологиялық дерттердің ішінде 2-орында тұр. Былтыр Алматы аймақтық көпсалалы клиникаға 1 022 әйел есепке тұрды», — деді маман.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда әйелдерге шығатын тері ауруының түрі — папилломаның жатыр ісігіне ұласып кету мүмкіндігі дәлелденді. Бұдан бөлек, ерте жыныстық қатынасқа түсу, ерте жүктілік, түсік жасату секілді факторлардың да әйел денсаулығына әсер ететіні сөзсіз.
«Айта кетерлігі, жатыр мойны ісігі симптомсыз өтетін ауру түріне жатады. Ол асқынып кеткен жағдайда әйел мүшесінен қою қан бөлінеді. Сонымен қатар іштің төменгі жағы бүріп ауырады, аяқ-қол ісінеді, ішек пен қуық жұмысы бұзылады», — деді Әсел Жақсылықова.
Мамандар жоғарыда аталған жағдай орын алмауы үшін үнемі скринингтен өтіп тұруға кеңес береді.
«Ауруды алдын ала анықтаудың өзі 2 кезеңнен тұрады. Біріншісінде қыздарға ерте некеге тұру мен ерте жыныстық қатынасқа түсудің салдары және мүшеқап қолданудың пайдасы түсіндіріледі. Екіншісінде жасы 20-дан асқан әйелдер дәрігерлерге мүшеден бөлінетін сұйықтықты тапсырып, гинекологтың тексерісінен өтеді. Әр әйел 4 жылда 1 рет скринингтен өтіп тұруы қажет», — деді маман.