Алматы облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Әділ Әбілдаевтың айтуынша, соңғы аптада өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 0,7-2,5 пайыз аралығында өсті. Аталған мәселені шешу үшін басқарма тарапынан бірқатар шаралар қолға алынды.
Нақтырақ айтсақ, пияз бағасын тұрақтандыру үшін «Фирма Алтай» ЖШС-мен мамыр айына дейінгі маусымаралық кезеңде барлығы 300 тонна пиязды 150 теңге бағамен сату туралы келісімшартқа қол қойылды.
Сонымен қатар бөлім басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын министрлікте белгіленген индикаторға жеткізу мақсатында жеңілдікпен несие берілетінін айтты. Ол үшін облыстық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді.
«Бұл несие «айналым сызбасы» бойынша жүзеге асырылады. Жақын арада кәсіпкерлерден ұсыныс қабылдауды бастаймыз», — деді бөлім басшысы.
Қазіргі таңда облыста «айналым сызбасы» бойынша жұмыс істеп жатқан шаруашылықтарда 560 тонна картоп қоры бар. Картоп 150-200 теңге аралығында кәсіпкерлерге сатылады. Ал дәл осы сызбаға сүйенген келесі «Нұрбек» шаруашылығында 195-220 теңге аралығында саудаланатын 100 тонна сәбіз, 220 теңгеден пияздың 100 тоннасы, 130-150 теңгеден қырыққабаттың 200 тоннасы бар.