Көптен бері қоғам талқысынан түспеген мәселені Денсаулық сақтау министрлігі енді қолға алыпты. Шеттен келетін ойыншықтарға қатысты енді біріңғай жаңа стандарт енгізу жоспарланып отыр. Сөреде самсап тұрған қызылды-жасылды «Хаги Ваги», «Киси Миси» ойыншықтарына қазір сұраныс жоғары.
«Негізгі 2021 жылдан бастап сұраныс көп. Ойыншықтың бұл түрі баланың эстетикалық талғамына кері әсер етеді. Оны ойнағанда балада агрессия пайда болады. Сұраныс көп болғандықтан сатуға мәжбүрміз», – деді саудагер Әйгерім Өмішева.
Өткен жылы елімізде санитарлық талаптарға сай емес 1 300-ден астам ойыншық табылып, 71 келіге жуығы сатылымнан шеттетілген. Олардан зиянды химиялық заттар анықталыпты. Ал Қытайдың «лол» қуыршақтары мен ыдыстар жиынтығы талапқа сай емес екен.
«Қазір ойыншық қана емес, баланың денсаулығына кері әсері бар түрлі электронды кітап сияқты зиянды заттарға шектеу қою мәселесі қарастырылып жатыр. Ата-аналар тарапынан да қолдау бар. Сол үшін бірыңғай стандартты енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Техникалық талаптары, санитарлық жағдайы, барлығы қамтылуы керек. Әзірге бұл ұсыныс болып тұр», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Розалина Ермекбаева
Ержан Мырзабаевтың айтуынша, түрі бала түгілі ересек адамдардың өзіне үрей ұялататын құбыжық ойыншықтар психологияға кері әсер етеді. Бүлдіршіннің мінез-құлқы өзгереді. Мұндай ұсқынсыз ойыншықтарға әсіресе ата-анасымен қарым-қатынасы сиреген балалар әуес келеді екен.
«Бала пайдалы дүниелермен ойнауы керек. Құбыжықпен ойнағандағы мақсаты не? Кейбір ата-ананың айтуынша, бала қорқынышты ойыншықпен ойнаған сайын қорқу сезімін жеңеді. Оның зиянды тұсы да бар. Қорықпайтын бала құбыжыққа ұқсас тышқан не ит көрсе, ойыншық екен деп ұстап алуы мүмкін», – деді психолог Ержан Мырзабаев.
Бұл ретте психолог маман ата-аналарға тек балалардың логикасын дамытатын ойыншықтар алып беруге кеңес береді. Мәселен, жасы 1,2-де болса сылдырмақ, жұмсақ ойыншық болғаны дұрыс. Ал қазір біздің елде саудасы қызып тұрған «Хаги Вагиді» Ресей әлдеқашан сатылымнан алып тастаған.