«Алматы облысында 90 күннен аса уақыт несиесін өтемеген 12 мың азамат бар. Жалпы Қазақстанда 1996 жылдан бастап «Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді банкроттау туралы» Заң күшіне енген. Енді елімізде жеке тұлғаларды да банкрот деп танып, олардың төлем қабілетін қалпына келтіру үшін Мемлекет басшысы жаңа құжатқа қол қойды», — деді ҚР Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Меруерт Сейсембаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жаңа заңға сүйене отырып, елге ақылы көмек көрсететін азаматтар пайда болған. Олар «сен маған бар соманың 10 пайызын берсең, сені банкрот етуге көмектесемін» деген желеумен жұмыс жасайды.
«Бүгінгі жиынның мақсаты – тұрғындардың басқаларға алданып қалуының алдын алу және банкроттық туралы толық ақпарат беру. Қандай жағдай болмасын, ақпараттың барлығын ресми сайттардан оқуларыңызды сұраймыз. Айта кетерлігі, елімізде азаматтардың банкроттығы туралы 3 рәсім бар. Соның ішінде, тек соттан тыс банкроттық қана тегін жүргізіледі. Қалған сот банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері – ақылы», — деді маман.
Меруерт Сейсембаеваның сөзіне сүйенсек, сот банкроттығы рәсіміне жүгінген азаматтармен қаржылық басқарушылар жұмыс атқарады. Яғни, тұрғындар басқарушылар қызметіне ай сайын 70 мың теңге ақша төлеуге міндеттеледі. Бұл – әлемдік тәжірибеден алынған пункт. Ал әлеуметтік осал топтан шыққан азаматтардың (егер оның мүлкі болмаса) қаржылық басқарушылар қызметіне төлейтін ақшасын мемлекет өтеп береді.
Естеріңізге сала кетейік, азаматтар банкроттыққа өтінішті наурыз айынан бастап жолдай алады.
Бұған дейін банкроттықтың барлық шарттары туралы жазғанбыз.
https://www.alataunews.kz/zhanalyq/zheke-tulghalardyng-bankrottyghy-ol-twraly-neni-bilw-kerek/
Посмотреть эту публикацию в Instagram