Күні кеше Әлем Кубогында әйелдер арасындағы «skeet» жаттығуының командалық есебінде Қазақстан құрамасы стенд атудан жеңіп алды. Команда құрамында Шымкенттен Зоя Кравченко, Алматы облысынан Әсем Орынбай, Астанадан Әсел Садақбаева бар.
«Әлем кубогына жердің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар қатысты. Біздің финалдағы қарсыласымыз АҚШ құрамасы болды. Бұл команда әлемдік рейтингте 1-орында тұр, сондықтан финал бізге қиынға соқты. Соңғы нөмірге дейін біздің ұпайларымыз тең болды. Дегенмен біз намысты қолдан бермей, жеңімпаз атандық. Сонымен қатар АҚШ құрамасының қатарында Олимпиаданың ІІІ дүркін чемпионы Кимберли Роуд болды. Ол — стенд ату бойынша әлемнің ең үздік спортшысы», — деді Әсем Орынбай.
Сонымен қатар спортшы Алматы облысында стенд атуға үлкен жағдай жасалып, түрлі халықаралық жарыстар өткізіліп жатқанын айтты.
«Біздің өңірде спортшыларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Өзім бұл спортпен 2008 жылдан бастап айналысып келем. Қазіргі бапкерім — Мухамедиев Владислав Владимирович. Осы уақытқа дейін Әлем Чемпионатында 3-орын, Азия Чемпионатында түрлі орындардағы жеңімпаз, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атандым. Жас спортшыларға өз-өзіне сеніп, көп еңбек етсін дегім келеді», — деді Әсем Орынбай.
Айта кетейік, стенд атудан Әлем кубогы 11-24 қаңтар аралығында Рабат қаласында (Марокко) өтіп жатыр. Жарысқа 45 елден 250-ден астам спортшы қатысады. Аталған додада Қазақстан атынан жалпы саны 13 спортшы бақ сынасады. Стенд ату жаттығуы бойынша жарыс аяқталды, енді спортшылар трап бойынша сынға түседі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram