15 қаңтарда «Қазақстан халқына» қорының құрылғанына бір жыл толды. Осыған орай журналистермен кездескен қордың басшылығы алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
ҚАҢТАР ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ АРТЫНДА 200 БАЛА ҚАЛДЫ
«Қамқоршылық кеңесінің соңғы отырысында қаңтар құрбандарына көмек көрсету туралы мәселе қаралды. Қор қайтыс болған барлық азаматтардың артында қалған балаларының орта арнайы және жоғары оқу орындарында оқуын қаржыландыру міндеттемесін алды. Бұл міндетті орындау қиын, себебі балалар әртүрлі жаста, олар өсуі керек. Қалай болғанда да қор өзіне міндет алды», – деді қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, ұйымның қамқоршылық кеңесі сонымен бірге еndowment fund құру тұжырымдамасын қабылдады. «Қазақстан халқына» қоры былтыр грант пен шәкіртақы бағдарламасын іске қосқан болатын. Қазіргі күні елімізде 2300-ге жуық студент аталған бағдарлама аясында білім алып жатыр.
«Егер еndowment fund құратын болсақ, бізде білім грантын беруге жекеген контингентті қосып, қаржыландыру мүмкіндігі болады. Әзірге қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған 238 азаматтың артында қанша бала қалғаны туралы тізім жоқ. Біздің есебімізше, шамамен 200 бала бар, оған қоса оқиға кезінде жараланған 13 бала бар. Бағдарлама тек бакалавриатқа қатысты. Оқу таңдау бойынша жоғары немесе орташа арнайы білім болуы мүмкін», – деді ол.
«ҰЛТТЫҚ ҚОР – БАЛАЛАРҒА» ҚОРЫНА АҚША АУДАРАДЫ
Сондай-ақ ол нысаналы қордан балалардың оқуына ақша қалай жұмсалатынын түсіндірді.
«Endowment Fund құру арқылы қор аталған контингенттің алдында алдағы болашақта жүзеге асырылатын міндеттемені алып отыр. Ол қордың балалар өскенше, яғни 15-16 жылдан кейін тұрақты жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, оны бекітпедік, қамқоршылық кеңесінде талқыланды. Президенттің тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап балаларға 18 жасқа дейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылып отыратын арнайы шот іске қосылуы тиіс. Біз аталған механизм жұмыс істеп бастағанда 18 жасқа толмаған балалардың жинақ шотына Endowment Fund-тан ақша аударамыз деп отырмыз», – деп толықтырды Жәмішев.
COURSERA КУРСТАРЫН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРАДЫ
Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры Coursera онлайн оқу платформасындағы курстарды қазақ тіліне аударуды жоспарлап отыр.
«Coursera – әлемде кең таралған онлайн оқу платформасы. Қор оның оқу курстары студенттер мен оқушылар үшін қолжетімді болуы керек деп есептейді. Ғылым және жоғары білім министрлігі 654 курсты таңдап алды. Біз оларды қазақ тіліне аударуды қаржыландыру міндетін алдық. Қазір Coursera-дағы 11 мың курстың барлығы ағылшын тілінде, орыс тілінде контент бар. Бірақ платформа Ресейдің ЖОО-мен ынтымақтастықты тоқтатты. Санкция жоғары оқу орындарына қатысты болды, бірақ әлем бойынша орыс тілінде пайдаланатын қолданушылар зардап шекті», – деді ол.
Болат Жәмішевтің айтуынша, биыл Қазақстанда мектеп оқушыларының 74 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырған.
«Студенттеріміздің ағылшын тілін жетік меңгермегені түсінікті, ол тілде оқу қиын болады. Сондықтан министрлік таңдаған, ЖОО-рында жоғары сұранысқа ие 654 курсты қазақ тіліне аударылады. Сонымен бірге 25 ұлттық университеттерге бір жылға 20 мың лицензия беріледі. 2024 жылы олар лицензияны өз қаржысы есебінен алып, оқуы тиіс. Тиісті шешім қабылданды», – деді қор басшысы.
САМҰРЫҚТЫҢ 7%-Ы ОНКОЛОГИЯМЕН КҮРЕСКЕ ЖҰМСАЛАДЫ
Айта кетейік, биылдан бастап «Самұрық Қазына» қоры таза пайдасының 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына аударады. Тиісті тапсырманы Президент Тоқаев былтырғы Жолдауында берген болатын.
«Самұрық Қазына» қоры аударған қаржы мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға жұмсалады деген шешім қабылданды. Қазір үкіметте Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы жатыр. Онкология – еліміздегі өлім-жітім бойынша екінші орында тұрған көрсеткіш. Онкологиялық көмек адамның өмірін құтқаратындай болуы тиіс. Бұған дейін елімізде екі бағдарлама қабылданды, бірақ аяғына дейін қаржыландырылмағандықтан, күткен нәтижені бермеді. Біз осыған қатысып, елімізде онкология проблемасы кешенді шешілгенін қалаймыз. «Самұрық Қазынаның» ақшасы осы бағдарламаға сәйкес келеді деп есептейміз. Квазимемлекеттік сектордың ақшасына мемлекеттік ауруханаларды дамыту қажет. Ал қалған қайырымдылыққа арналған бағдарламалар донорлардан түскен қаржыға қаржыландырылады», – деп қорытындылады сөзін Болат Жәмішев.
Естеріңізге сала кетейік, қордың бүгінге дейін жиналған қаражатты депозитке салып 12 млрд теңге табыс тапқаны хабарланған еді.