Комитет ұсынған мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда пандемияға дейінгі деңгейдегі ішкі тасымалдау көлемі толық қалпына келтірілген (57 бағыт бойынша аптасына 687 рейс). Сондай-ақ аптасына 477 рейс жиілігімен 108 бағыт бойынша 30 елге халықаралық рейстер қалпына келтірілгені белгілі болды.
Сол сияқты 2023 жылдың көктем-жаз айларындағы навигация кезеңінде Астанадан Дохаға, Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға, Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге рейстер ашылады деп күтілуде.
Бұған қоса Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Ыстамбұлға, Астана мен Алматыдан Антальяға, Алматыдан Баку, Тбилиси, Пхукет және Малеге рейстерді ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ведомствоның баспасөз қызметі Пәкістанға Алматыдан Карачи мен Лахорға рейстер ашу, Үндістанға Алматы — Дели бағыты бойынша, Қытайға Алматы – Чэнду бағыты бойынша, Ұлыбританияға Алматы – Лондон, Алматыдан Бодрум, Батуми Ираклион, Подгорица және Астанадан Тбилиси мен Подгорицаға бағыттары бойынша орындалатын рейстер санын ұлғайту жоспарланғанын атап өтті.
Бұдан бөлек Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқанд, Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша рейстер де қайта жанданбақ.
Азаматтық авиация комитеті, сондай-ақ, малайзиялық лоукост «Air Asia X» әуе компаниясы 2023 жылдың көктем-жаз айларындағы навигациядан бастап Куала-Лумпурдан Алматыға, «Thai Air Asia» әуе компаниясы Бангкоктан Алматыға рейстерді ашуды жоспарлап отырғандығын мәлімдеді.
Сонымен қатар, «Air Asia Aviation Group» компаниялар тобы Алматы мен Астанаға рейстерді орындау кезінде «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесімен Мәскеу (Ресей), Ыстамбұл (Түркия), Париж (Франция), Лондон (Ұлыбритания) және Франкфурт (Германия) қалаларына одан әрі ұшулар мәселесін қарастырып жатқандығы белгілі болды.
«Qeshm Air» әуекомпаниясы ауа еркіндігінің 5-ші дәрежесін пайдалана отырып, Алматы – Токио бағыты бойынша рейстерді ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Эйр Астана» әуекомпаниясы орта мерзімді перспективада Алматы-Тель-Авив бағыты бойынша Израильге аптасына 2 тұрақты рейсті орындау мәселесін пысықтап жатыр», — деп жазылған хабарламада.