Құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар елімізде кісі өлтіру қылмыстарының санын айтарлықтай азайтуға ықпал етті. Сондай-ақ ұрлыққа және мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы Президентке ішкі істер министрі баяндады, деп хабарлайды Ақорда.
Өткен жылы ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 басшысы мен 114 мүшесі тұтқындалды.
Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру барысында ұялы байланыс компаниялары «ауыспалы» нөмірлерден шалынған 5,5 миллион қоңырауды бұғатталды.
Министрлік алты ұйымдасқан қылмыстық топты жойып, алаяқтық белгілері бар 165 сайттың жұмысын тоқтатты.
Ішкі істер министрлігі басқа құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп, 2781 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 70 есірткі зертханасы жойылды және есірткі жарнамалайтын 1990 сайт бұғатталды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, интернет-алаяқтықтың, ауылдық жерлердегі қылмыстың кез келген көрінісі бойынша алдын алу шараларын қабылдаудың және жедел әрекет етудің маңызды екенін атап өтті. Президент бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, заңнамалық шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ ведомство басшысына елімізде жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет жүктеді.