Оның айтуынша, қаңтар оқиғасында Қазақстандағы жағдай өте күрделі болған.
«Арнайы жасалған сценарий бойынша қоғамдағы татулықты әдейі шайқағаны қазір түсінікті болды. Ол кезде көпшілік теңсіздікке наразы болды және әділеттілікті аңсады. Тек бір сылтау қажет еді. Ол – газ бағасының өсуі. Ереуілді басқа қалалар да қолдады, барлығы газды ұмытып, радикалды талаптар қоя бастады. Осының барлығы трагедияға, адам өліміне әкеліп соқты. Хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған деп айта аламыз. Шын мәнінде, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды», — деді Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Бас прокурор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс «аса құпия» режимінде тергеліп жатқанын атап өтті.
«Материалдарды жариялауға шектеу қойылған. Өйткені мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Қылмыстық іс қазір сотта қаралуда», — деді Берік Асылов.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұловқа тағылған айыптар:
- мемлекетке опасыздық жасау;
- билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер;
- лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожинге тағылған айыптар:
- билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер;
- лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану.
Сондай-ақ ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктеріні асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр.
«Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. 2021 жыл бойы жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы әрекеттердің басында күштік құрылымдардың жекелеген өкілдері тұрған», — деп сөзін түйіндеді Бас прокурор.