Оқиға 21 желтоқсанда болған. Бұрынғы күйеуі 41 жастағы әйелдің сауда жасайтын дүкеніне қарумен кіріп, сатып алушыларды қуып шыққан. Артынан әйелді құлатып, екі канистр бензин құйып, дүкенге өрт қойған. Өрттен дүкен жарылып, онымен қоса қасында тұрған дәріхана бірге өртеніп кеткен.
«Менің әпкемнің бұрыңғы күйеуі 21 желтоқсанда дүкенді жарып жіберген. Әпкем жалғызбасты, бір қызы бар. Бір ай бұрын әкем несие алып, әпкеме жалға дүкен ашып берген», — дейді зардап шегушінің сіңілісі Гүлмира.
Экс-күйеу дүкендегілерді қарумен қорқытып, қуып шығып, есікті іштен кілттеп алған. Дүкенге қарумен кірген адамды көрген таксист Бауыржан Әуелбеков жан-жаққа жүгіріп, көмек сұрай бастайды.
«Дәріхана сатушысына, дүкенді жалға берген қожайынға жүгіріп ескерттім. Қайтып кеп есікті тартсам ашылмайды. Сол-ақ екен жарылыс болды», — дейді Бауыржан Әуелбеков
Есікті теуіп ашып, әйелді іздеген таксист жігіт түтіннің арасынан әйелді тауып алып, көтерген бойда жанында тұрған ауруханаға жүгіреді. Өрттен өзі де зардап шегеді. Төрт баласымен пәтер жалдап тұратын батыр таксист көлік жүргізіп, нәпақасын табуға жарамай отыр. Өйткені өрт кезінде қолдары күйіп, дене жарақаттарын алған.
Ал зардап шеккен Индира Тергеубаева ауруханада жатыр. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.
«Сырқаттың жағдайы орташа ауыр. Денесінің 9 пайызын күйік шалған. Оның екі пайызы өте терең күйіктер», — дейді қалалық 4-ші клиника күйік бөлімінің меңгерушісі Елдос Әлменов.
Ал өрт қойған ер адам сол жерде жанып кеткен. Полиция қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтады.
«Кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнынан табылған қарудың кімге тиесілі екендігі анықталып жатыр. Істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы ҚР ІІМ мен Алматы қалалық ПД басшылығының бақылауында», — деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі.