Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылғандар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады.
Жәрдемақы айырылған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскер:
— eGov.kz порталында авторизациялану;
— «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
— онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінім жіберуі қажет;
— бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
— егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күннің ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн режимде электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбек министрінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді.
Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
Мемлекет басшысының биылғы жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап табысты алмастыру коэффициентін 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайту көзделеді.
Бұл ретте төлем тағайындау тәртібі сақталады және жұмысынан айырылған және жұмыссыз мәртебесін алған жүйеге қатысушыларға ғана қолданылады.
Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін арттыру 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған алушыларға да әсер етеді, ол автоматты түрде жүргізіледі.