«Karlskrona LC AB» ЖШС жаңа жобасын жұма күні Қонаев қаласында өткен Алматы облысының басшылығымен кездесуі кезінде таныстырды.
Кәсіпорынның бас директоры Уәлихан Ахметовтің айтуынша, жобаның құны шамамен 100 млн. долларды құрайды. Кәсіпорында 500-ге жуық жоғары білікті мамандарға жұмыс орны құрылатын болады. Ал болашақта оның санын 1,5 мыңға дейін көбейту жоспарда бар. Кәсіпорын заманауи сорғы және ілеспе жабдықтарды да шығара алады. Ал кешенді пайдалануға беру 2023-2024 жылдарға жоспарланып отыр. Алдағы уақытта өнімнің 40% экспортқа шығару көзделген.
Қазіргі уақытта компания өнеркәсіп алаңы мен компания қызметкерлеріне тұрғын үй салу үшін 10 гектар жер іздеп жатыр. Сондай-ақ, компания зауыт жанынан машина жасау саласында жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша білім беру кластерін ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
«Біз тек өзімізге ғана емес, жалпы өңір үшін де кадрларды дайындауға әзірміз. Зауыт жанынан колледж немесе университет құруды жоспарлап отырмыз», — деді Уәлихан Ахметов.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, жоба экономикалық жағынан ғана емес, өңірдегі білім беру кластерін дамыту тұрғысынан да тиімді. Өйткені Алматы облысында түрлі өндірістер мен индустриялық аймақты қатар үйлестіретін академиялық қалашық салу жоспарланған. Осыған байланысты кадрларды даярлаудың теориялық бөлігі білім беру ұйымы базасында, ал тәжірбиелік жағы өндірісте өтетін дуальды оқытуды дамыту бұл басым бағыттардың бірі. Өңір басшысы жобаны одан әрі пысықтауды тапсырды.
«Karlskrona LC AB» ЖШС — сумен жабдықтау, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі және атом энергетикасы саласындағы сорғы, электротехника, блок-модульдік және басқа да ілеспе жабдықтарды шығаруға маманданған машина жасау компаниясы.