«Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында «Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы аясында кәсіптік балық аулаумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығын 70 пайызға төмендету көзделді. Заң жобасы Парламентте қабылданды және Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді. Сондай-ақ терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды енгізу жоспарланған. Тиісті түзету бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделген», — деді министр Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, көлеңкелі бизнес айналымын төмендету мақсатында балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Онда балық өнімдерін өңдеу заңдылығын растайтын құжаттарды беруге қатысатын ветеринариялық, кедендік және өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың жүйелерін интеграциялау көзделген.
«Жыл сайын су айдындарында балық ресурстарын молайту бойынша шаралар қабылданады. Атырау облысында 2 мемлекеттік бекіре зауыты жұмыс істейді. Алайда олардың өндірістік базасы тозған. Олар қайта құру мен жаңғыртуды қажет етеді. Қазіргі уақытта инвестициялық ұсыныс әзірленіп жатыр. Оны келесі жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгізу жоспарланған. Процесті жеделдету үшін зауытты жаңғырту кезінде техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеуді талап етпейтін бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесіне енгізуді ұсынамыз. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және жобаны іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Жалпы бұл мәселені Үкімет қаулысын әзірлеуге жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолдап отыр», — деді Серікқали Брекешев.